1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, Аспара ауылдық округінде «Елбасы – кемеңгер көшбасшы» атты мерекелік кеш болып өтті.
Әлихан НұрАлиев, (сурет автордікі) «Меркі тынысы»
Ауылдық округ әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі инспекторы Айнагүл Бәрменқұлова, №2 Аспара орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмаш Қасымова, математика пәнінің мұғалімі Нұржамал Бахитова, ауылдық клубтың меңгерушісі Жазира Рахманқұлова мен кітапханашы Умайра Атбаевалардың ұйымдастыруымен өткен жиынға аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Азамат Қасабеков пен округ әкімі Қуатбек Бикеев, сонымен қатар, ауыл тұрғындары, оның ішінде, ауыл жастары көптеп қатысты.
Көпшілік алдында сөз алған округ әкімі Қ.Бикеев президенттік басқарудың ел тарихындағы алар орны мен ол арқылы жеткен жетістіктерін саралап, Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекет пен ұлт алдындағы өлшеусіз еңбегін нағыз елін сүйер қазақстандық патриотизмнің биік белесіне теңеді. Міне, отанымыздың көркею жолына әсер ете алатын әр саладағы еңбегімізбен сол межеден көріну әрқайсымыздың басты өлшемі болуы керектігін алға тартқан округ әкімі Қ.Бикеев осынау айтулы мерекенің құрметіне ел аузында жүрген бірқатар азаматтарды марапаттау рәсіміне кезек берді.
Оған тоқталып өтер болсақ, бүгінгі округ әкімінің арнайы Алғыс хатына ие болғандар қатарынан №2 Аспара орта мектебінің ұстазы Нұржамал Есдәулетова, кәсіпкер Гауһар Бикеева, «Ғасыр», «Арыстан», «Қайырбек» шаруа қожалықтарының басшылары, тиісінше, Тұрсыналы Аманбаев, Қазбек Бабалиев пен Қайрат Мұратбековтарды көре алдық.