Аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтың меркіліктерді Жаңа Жыл мерекесімен құттықтауы!

1388297431_creative-christmas-26 копия

Құрметті меркіліктер!
Баршаңызды асыға күткен Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Біздер сонау жыл басында-ақ ыстық ықыласпен қарсы алған Тауық жылын – 2017 жылды да қорытындылап отырмыз. Бұл жылы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың салқын лебін сезінсек те, бір мақсатқа жұмылған барша қазақстандықтардың қатарында меркілік еңбеккерлер де ерен істердің үлгісін көрсете білді. Ауыл шаруашылық өндірісі салаларында дәнді дақылдардан да, қант қызылшасынан да мол өнім алынып, мақсат еткен межелерге қол жетті. Кәсіпкерлікті серік еткен көптеген жерлестеріміз нағыз еңбектің берерінің мол екеніне тағы да көз жеткізді.
Міне, жаңа – 2018 – Ит жылы да есігін айқара ашты. Бүгінгі таңда Қазақ елі алдына әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына жету мақсатын қойған, өзіндік «Қазақстан – 2050» атты ұзақ мерзімді стратегиясын ту еткен, жаңғырудың жаңа жолдарын серік еткен, халықтардың бірлігі мен достығын паш еткен мемлекет. Әрине, алда бізді күткен талай қарбалас істер, шешімін күткен түйіткілді мәселелер де аз емес. Десек те, 2017 жыл ауданымыз үшін табысты, әлеуметтік-экономикалық даму мен ілгерілеушілікке қол жеткізген кезең болды.Жаңа жылымыз да сол түпкі нәтижеге деген ұмтылыстарды, сондай-ақ, Меркі жерінде қалыптасқан игі дәстүрлерді жалғастыратын жыл болады, – деп сенемін.
2017 жылы ауылшаруашылық, бақша дақылдары мен балтамыр өсірумен қатар, ауылдарымыздың, әсіресе, аудан орталығының келбеті өзгере түсті. Көшелер жөнделіп, жарықтандырылса, жаңа әлеуметтік нысандар бой түзеді. Атап айтар болсақ, шығарып салып отырған жылдың 1 қыркүйегінде Сарымолдаев ауылында №9 В.Савва атындағы орта мектебінің 600 орындық жаңа ғимараты, сонымен қатар, осы күні Арал қыстақ ауылында 50 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашылды. 2017 жылы тағы 2 нысанға: Тәтті ауылындағы №13 М.Мәметова атындағы орта мектебіне, Меркі ауылындағы 140 орындық «Балдырған» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында бұрынғы балалар үйі базасында 190 орындық, мемлекеттік «Таңшолпан» және Ақермен ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 75 орындық «Шахнұр» балабақшалары пайдалануға берілді.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, Ойтал ауылдық округінде, №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жаңа ғимаратқа көшті. Бұл – меркіліктердің спорт саласында да тамаша жетістіктерді еңсеруіне жол ашады.
Міне, осындай игі қадамдар жасап, жаңа белестерді бағындыру үрдісін жалғастыру ісі 2018 жылы да меркіліктердің басты ұстанымы болып, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру ісі жаңа тың серпіліспен жалғаса беретін болады.
Құрметті меркіліктер!
Жаңа жыл халқымызға құт-береке, бейбітшілік, жанұяларыңызға шаттық әкелсін! Ынтымақ пен бірлік аясында еліміздің одан әрі дамуы жолында біркісідей еңбек етейік.
Мереке құтты болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *