Ізденген жетер мұратқа

DSC_0473 копия

Желтоқсанның соңғы аптасы меркіліктер үшін қарбаласқа толы болды.Түрлі жиындар, мерекелік іс-шаралар – бәрі де өз кезегімен өткізіліп жатты. Соның бірі – ауылшаруашылығы тақырыбына арналған алқалы жиын еді.

Әтіркүл ИСАЕВА, Расул МАЛЛАБАЕВ (суреттер), «Меркі тынысы».

Аудандық Мәдениет үйіне жиналған еңбек ардагерлері, аудан әкімдігінің бөлім қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері мен жақсы көрсеткіштерімен қуантып жүрген кәсіпкерлер, ауылшаруашылығы мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және ауыл жастары алдында сөз алған аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков бүгінгі жиынның мақсаты – ауылшаруашылығында нендей жұмыстар атқарылғаны, алда қандай міндеттер тұрғаны туралы әңгіме өрбіту екенін айтып өтті.DSC_0473 копия
Ең алдымен, жақында атап өтілген Тәуелсіздік мерекесіне орай «Меркі жолдары» ЖШС-нің директоры Ержан Белхожаевқа облыс әкімінің Құрмет Грамотасын тапсырды. Ұлттық көкпар ойынының жанашыры, жерлесіміз, көкпардан ҚР Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаевқа халықаралық жарыстардағы тамаша жетістіктері, әсіресе, команданың биылғы жылы әлем біріншілігінің жеңімпазы атанған табысы үшін оған зор құрмет көрсетіп, алғысын білдірді. Қуанышбек Мәширұлының иығына зерделі шапан жауып, ат мінгізді.
Одан соң мінбеге аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Достай Сәрсембиев көтеріліп, ауылшаруашылығы мен бақша дақылдары, қант қызылшасы және т.б. туралы мазмұнды баяндама жасап, нақты мәліметтерді слайдтар арқылы көрсетті.
Бақша өнімдерін өсіруде жылыжайларды құрудың жолдары, тамшылатып суғаруды игеру мен тыңайтқыштарды пайдаланудың тиімділігі, жердің құнарлылығын арттырудың қажеттілігі және т.б. туралы ауқымды әңгімені жүйелі сұрақтар бере отырып өрбіткен Мейірхан Азатұлы, еңбектегі табыстарымен оның сырлары туралы ой бөлісу үшін ортаға соңғы жылдары қант қызылшасынан мол өнім алып, ауданымыздың мәртебесін асқақтатып жүрген «Трансфер» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Бондаренкоға, белгілі кәсіпкер, «Сыпатай батыр» ЖШС-нің басшысы Қанат Шайхиевке, бақша өсіретін жылыжайдың иесі Ширван Османовқа және құлпынай өсірудің шебері, үлкен мақсаттар жолында ізденістерімен дараланып жүрген іскер жас бағбан Әлімбек Ақылбековке сөз беріп, олар табысқа жетудегі сырларымен бөлісті. Қарапайым сұрақ-жауап түрінде жалғасқан әңгіме зал толы қауымға көп мағлұмат бергені анық.
Жердің құнарлылығын арттырудың қажеттілігі, тұқымды апробациядан өткізу, дәнді дақылдардың түрлі ауруларын болдырмау – бүгінгі таңдағы басты мәселелер. Онсыз табысқа жету қиын-ақ. Осы ретте, фитосанитария және болжалдау-әдістемелік орталығы Меркі бөлімшесінің басшысы Гүлмира Есенбаева, тұқым зертханасының басшысы Нышан Базилов сөз алып, өсімдіктердің аурушаңдығына қарсы күрес жолдары, тұқымдарды тексеруден өткізу керектігі туралы мәселелерді көтерді.
Жиында аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Болат Тәнекеев те баяндама жасап, өз саласы бойынша жыл ішіндегі көрсеткіштер мен атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Әсіресе, ет және сүт бағытындағы міндеттердің орындалуы, оның ішінде, ет өнімдерін ет комбинатына өткізудің артықшылықтары туралы айтып өтті.
Сонымен қатар, «Меркі өнімдері» кооперативінің төрағасы Дастан Айтөленов сүт кластерін дамыту жолындағы жұмыстар, Кәсіпкерлер палатасы арқылы алынып отырған қаражат, орналастырылған сүт қондырғылары, кооперативтердің жұмысын ұйымдастыру жайы, сүт бағытындағы малдарды асылдандыру жөнінде әңгімеледі. Ал, ауданымызда бөдене өсірумен айналысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген Чернобыль апатына қатысушы ардагер Бахадыр Әдізбаев өзі таңдаған кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.
Жалпы, семинар мазмұнды, сан алуан мағлұматтар мен фактілерге толы болып, жиналған қауым үшін өте тиімді кездесуге айналғанын айта кеткеніміз жөн. Мұның бәрі де ортақ ісіміз, ортақ игілігіміз, халықтың әлеуетін жақсарту үшін қажет. Еліміздің ертеңі – жастарымыздың игі қадамдар жасауына үлгі-өнеге боларлық іс болғаны анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *