Осы аптаның сейсенбісі күні, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының төрағалығымен кезекті аудандық аппараттық кеңес жиыны болып өтті.
Кеңестің күн тәртібінде аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің 2022 жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстары қаралды. Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Рыспайұлы Нұрпейісов баяндама жасады. Данияр Рыспайұлы, өз баяндамасында, Меркі ауданы бойынша жер санаттары туралы түсіндіріп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, оның ішінде егістік пен суармалы егістік; елді мекендердің жерлері; өнеркәсіп, көлік, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер; орман қорының және су қорының жерлері, сонымен қатар, ерекше қорғалатын аймақтардың жерлері және т.б. туралы жан-жақты тоқталып өтті.
– Ағымдағы жылдың I жартыжылдығында, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға қосу үшін ауылдық округтердің қоғамдық кеңес мүшелерінен және облыстық Кәсіпкерлер палатасынан келісім алынып, жалпы ауданы – 390 гектар (35 жер), оның ішінде, 335 гектар – егістік, 55 гектар – жайылым жерлер конкурсқа шығарылатын болады – деді Данияр Рыспайұлы.
Баяндамашы, одан әрі жер мәселесі жөнінде келіп түскен құжаттар, сатып алу-сату, жалға беру келісім-шарттары, тұрғындар тарапынан туындаған жер даулары, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуы, жайылым жерлерді ұтымды пайдалану және осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде слайдтарды пайдалана отырып, толық мәліметтер берді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы жерлердің мақсатты пайдаланылуы керектігін айтып, жер комиссиясы бойынша жұмысты жандандырып, жерлерді рәсімдеу жұмыстарына ревизия жүргізуді тапсырды.
Әтіркүл ИСАЕВА,
«Меркі тынысы».