ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ САРА ЖОЛЫ ҮШІН

870f8b1d-22ce-4609-a65b-e87e96487c19

4-қазан күні Жамбыл облысының делегаттары Астанаға жол тарттық. «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІV съезіне облыстан сайланған делегаттардың құрамында мен де болдым.

9db71499-4ceb-4508-9bab-6791931b46c0

Съезд ЭКСПО ғимаратында 6-қазан күні сағат 10.00-де басталды. Съезге жалпы 1200-ден астам партияластар қатысса, оның 700-і еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар болды. Сонымен қатар, Саяси кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сарапшылар және ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде, бірінші кезекте, Қазақстан Республикасы Президенттігіне «AMANAT» партиясынан кандидат ұсыну, одан соң, «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасы туралы мәселесі қаралды.
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «AMANAT» партиясының атынан Президенттікке кандидаттыққа Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
– Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді Тұлға қажет. Біз өткенге кері қайтпауымыз керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал, мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін лайықты Көшбасшы керек. Сондықтан, Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!» – деді Ерлан Қошанов.
Съезде сөз сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Олимпиада ойындарының күміс, қола жүлдегері Дәулет Тұрлыханов та: «Бәрімізге ортақ жалғыз ғана Отанымыз, мемлекетіміз бар. Бізді ортақ мақсаттар мен құндылықтар біріктіреді. Елімізді қиын кезеңде тастамай, біріктіріп алып шыққан қажырлы еңбегін бағалап, болашаққа бағытталған тың бастамалары мен халықтың мүддесіне арналған жоспарына сенім артып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты біркісідей қолдауға баршаңызды шақырамын!» – деді.
Форумда, одан соң, партияның Саяси тұғырнамасы бекітілді. Тұғырнаманың басты қағидасы – Адам. Қоғам және Мемлекет. Негізгі идеологиялық құжат – дамудың негізгі бағыттары мен саяси бірлестіктің принциптерін көрсетеді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау бойынша Халықтық Коалицияның форумы өтті. Саяси және қоғамдық ұйымдар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөнінде Халықтық Коалицияға бірікті. Форумға «AMANAT», «Ақ жол», «Қазақстан халық партиясы» және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымдардың екі мыңнан астам өкілдері қатысты.
Партия төрағасы Е.Қошанов бастау алған сайлау науқаны барысында бірден бірнеше республикалық қоғамдық бірлестік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Республиканың Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Сөзге шыққан еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Қазақстан әуе күштерінің генерал-майоры, Халық Қаһарманы Т.Әубәкіров, «Ақ Жол» партиясының депутаты, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі Қ.Иса, Халық партиясының депутаты, «Қазақстан халқына» Қоғамдық әлеуметтік қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі И.Смирнова, қоғам қайраткері, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, кәсіби спортшы А.Назаров, журналист, Алматы қалалық мәслихатының депутаты С.Пономаревтер Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындықтарын айтып жеткізді.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқандары үшін ризашылығын білдірді.
Форумның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтық коалицияның ұсынысын қабылдап, ҚР Президенті лауазымына кандидат ретінде өзін ұсынуға келісімін берді.
Мен үшін осы үлкен форумға делегат болып қатысқаным, оған келген республикамыздың өсіп-өніп өркендеуіне әр салада қажырлы еңбек етіп жүрген еңбек ерлерімен, академик-ғалымдармен, ауыл шаруашылығының, білім беру, медицина, мәдениет саласының майталмандарымен және ең маңыздысы, біздердің сенімді болашағымыздың әрі иесі, әрі тірегі жалынды жастармен бірге ел Президентінің кандидаттығына үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап, өз даусымды бергенім, әділетті Қазақстанның сара жолы үшін қол көтеріп, өз партияластарымыздың үнін жеткізгенім үлкен мақтаныш, бұл – мәңгі есімде қалатын тарихи оқиға.

Күлайым ШАҒАТАЕВА,
«AMANAT» партиясы Меркі аудандық
филиалының атқарушы хатшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *