Ғасырға жуық уақыт бойы аудан айнасына айналған «Меркі тынысы» газетінде 25 жыл еңбек етіп, оның ішінде, соңғы сегіз жылда редакторлық қызмет атқарып, басшылық еткен Исаева Әтіркүл Тәжібекқызы құрметті зейнет демалысына шықты.
Осыған орай, «Меркі тынысы» газетінің ұжымында салтанатты жиын өтіп, Әтіркүл Тәжібекқызына арнайы құрмет көрсетілді.
Жиналысқа «Салық тәртібі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Қасабай Ғалым Иенбергенұлы, «Меркі тынысы»–Баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иенберген Олжас Ғалымұлы, аудан әкімінің орынбасары Нәрікбаев Нұрсұлтан Бақытжанұлы қатысты.
Жиналысты ашқан Ғалым Иенбергенұлы көп жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, аудандық төл басылымның уақыт талабына сай тұрақты түрде жарық көруіне үлкен үлес қосқан Әтіркүл Тәжібекқызына алғыс білдіріп, ұжымға жаңа бас редакторды таныстырды.
– «Құрметті әріптестер! Бүгін Әтіркүл Тәжібекқызы зейнетке шығуына байланысты өздеріңізбен бас қосып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, қазіргі заман ақпарат ағынының мейілінше арта түскен кезі.
Осындай кезеңде Әтіркүл Тәжібекқызы өздеріңізбен бірге газет жұмысын жандандырып, оны дамытуға барынша атсалысты. Газет жұмысын жүргізу жолында аянбай еңбек еткені үшін Әтіркүл Тәжібекқызына алғыс айтамын», – деп газет ұжымына жаңа редактор Камалов Қазыбек Қалдыбайұлын таныстырды.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қазыбек Камалов өздеріңізбен бірге бірнеше жыл қызмет атқарды, газеттің жұмысымен жақсы таныс. Сондықтан, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының келісімі және «Меркі тынысы» – Баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иенберген Олжас Ғалымұлының бұйрығымен «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалды», – деп жаңа редактордың алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, басылымның жұмысын заман талабына сай жаңаша жандандыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, төртінші билікке баланған баспасөз құралдарына жүктелген жауапкершіліктің жоғары екенін жеткізді.
Одан кейін, аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Бақытжанұлы сөз алып, Әтіркүл Тәжібекқызы өзінің еңбек жолында баспасөзден бөлек, әртүрлі салаларда да еселі еңбек етіп, Меркі ауданының дамуына да айтарлықтай үлес қосып, өзіндік із қалдырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазыбек Қалдыбайұлын жаңа қызметімен құттықтап, сәттілік тіледі.
Ары қарай, Әтіркүл Тәжібекқызы сөз алды. «Мен саналы ғұмырымда 43 жыл бойы елге қызмет істесем, оның 25 жылын осы газеттің жұмысына арнадым. Өзім армандаған журналистика мамандығын алғаннан кейін алғашқы еңбек жолым да осы қасиетті қара шаңырақтан бастау алған. Сондықтан, «Меркі тынысы» мен үшін қашан да қымбат. Осы уақыт ішінде газеттің көптеген ардагерлерімен бірге қызмет етсем, соңғы жылдары өздеріңізбен жұмыс істедім. Бәріміз бірге газетіміздің аудан тынысымен үндес болуына үлес қоса алдық деп ойлаймын. Сондықтан, баршаңызға алғыс айтып, осындай құрмет көрсетіп жатқандарыңызға ризашылығымды білдіремін», – деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Жиын соңында «Меркі тынысы»–Баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Олжас Ғалымұлы бас редакторды ресми түрде тағайындады.
Меркі тынысы