Сейсенбі күні, аудан әкімінің орынбасары Әбжапаров Бақытхан Жаханұлының төрағалығымен аудандық аппарат кеңесі өтті.
Кеңестің күн тәртібінде кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысы, көктемгі төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындық жұмыстарының барысы және көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Алғашқы болып аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ахан Алтынбаев баяндама жасады. Бөлім басшысы аудандағы жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2021 жылы 4535 болса, 2022 жылы 6094-ке жеткенін айтты. Ал, жалпы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 19,4 млрд. теңгені құрап, 110,3 пайызға орындалған. Өткен жылы ауданымызда 24 инвестициялық жобалар жүзеге асырылса, 2023 жылы тағы 28 жобаны орындау жоспарлануда екен.
Бақытхан Жаханұлы бөлім басшысына әлеуметтік дүкендер ашу және туризмды дамыту бағытында жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Кеңестің күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Дәрімқұлов баяндады. Оның айтуынша, көктемгі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан аумағындағы барлық су қоймалары мен өзендерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, күнделікті бақылау күшейтілген. Сондай-ақ, қажетті техникалар мен құрал жабдықтар дайындалып, аудан тұрғындары арасында төтенше жағдай уақытындағы шұғыл шаралар жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде екен. Аудан әкімінің орынбасары көктемгі селдің алдын алу мақсатында аудан аумағындағы арықтар мен арналарға тазалау жұмыстарын күшейту қажеттігін тапсырды.
Сонымен қатар, кеңесте мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары талқыланды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Асан Пшаевтың мәлімдеуінше, күзгі әскери қызметке шақыру науқанында ауданымыздан әскери құрылымдарға жалпы 148 бала жіберілген. Енді көктемгі науқанда да бұл жұмыстарды межелі жүргізу жоспарланып отыр. Бұл ретте Бақытхан Жаханұлы әскери қызметке барып, Отан алдындағы борышын өтеу – ер азаматтардың парызы екенін атап өтіп, әскерге шақыру жұмыстарын тиянақты ұйымдастыру бойынша қорғаныс бөлімінің басшысы мен округ әкімдеріне тапсырмалар берді.
МЕРКІ ТЫНЫСЫ