Сейсенбі күні аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына қатысты.
Онда Жорабек Нұрмергенұлы облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұқбат беріп, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және 2023 жылдың жұмыс жоспары жайында баяндады.
Аудан әкімі, алдымен Меркі ауданының 2022 жылғы дамуы барлық салада оң көрсеткіштерді қалыптастырғанын атап өтті. Одан кейін әр салада атқарылған және жоспарланған жұмыстарға рет-ретімен жеке тоқталды.
Жоспарланған жұмыс демекші, Жорабек Нұрмергенұлы аудан әкімі болып тағайындалған сәттен бастап-ақ, аудандағы барлық елді мекенді аралап, әр саладағы мәселелерді өзі жіті зерделеп, жұмыс жоспарын сол зерделеу жұмыстарының нәтижесіне сай дайындаған болатын. Осы ретте, аудандағы қордаланған мәселелерді жүйелі түрде, кезең-кезеңімен шешу үшін ең алдымен ауданның бюджетін ұлғайтып, өзімізде бар қаражатқа сүйене отырып, мәселелерді шешудің басымдықтарын айқындаған еді.
Ал, енді бюджет жағдайын айтар болсақ, өткен жылы аудандық бюджетке 19345,9 млн. теңге түсіп, жоспар 106,6 пайызға орындалған (1 млрд. 197,5 млн. теңгеге артық). Оның ішінде, өзіндік кірістерден 4632,6 млн. теңге түсіп, 134,9 пайызға орындалыпты.
Бұл ретте бюджетке салық есебінен түскен қаржы көлемі де арта түсіпті. Нақтысы, салық және басқа міндетті төлемдерден 7191,4 млн. теңге түсіп, болжам 121 пайызға орындалған.
Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 16386,2 млн. теңгені құрап, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға артқан.
2022 жылдың он екі айында ауданымызда 19364,7 млн. теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Осы орайда, өнеркәсіп саласында жоспарланған ауқымды жобаларға да тоқталып өтсек. Аудан әкімінің баяндауынша, 2023 жылы өнеркәсіп саласында 1,6 млрд. теңгеге 5 жобаны іске асырып, 75 жұмыс орнын ашу көзделуде. Оның ішінде, жобалық құны – 1350,0 млн. теңгені құрайтын сұйық май және шағын қант зауытын ерекше атап өтуге болады. Бұл жоба іске асырылған жағдайда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, Ойтал ауылында жобалық құны 500 млн. теңгені құрайтын демалыс кешені ашылады. Оның ішінде, бассейн, монша, тұзды шахта, фитнес залы, тамақтану орындары қамтылатын болады. Бұл кешенде 15 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Брифинг барысында аудан әкімі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамыту, мәдениет пен спорт, білім, денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстарды да кеңінен баяндады. Сонымен қатар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласындағы да ілкімді істерді тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспары негізінде, аудан тұрғындарын ауыз су, табиғи газ және сапалы жолдармен қамту межесі бекітіліпті.
Баспасөз конференциясында аудан әкімі Меркі ауданының тарихи ерекшеліктеріне және табиғи әлеуетіне байланысты, өңіріміздегі экотуризм мен этнотуризмды дамыту бағытында назарға алынуға тиіс басымдықтармен бөлісті. Бұл ретте Меркі жеріне ғана тән шипалы радон суын негізге ала отырып, шипажай мен сервистік нысандардың қызметін дамыту, мерейлі өлкеміздің флорасы мен фаунасын сақтау мақсатында Ұлттық парк құру жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, тау шатқалындағы тарихи ғұрыптық кешендер мен жайылым, көлдердің айналасында этнотуризмді дамыту мәселелері де күн тәртібіне енгізіліпті.
МЕРКІ ТЫНЫСЫ