КӨРШІЛЕР НАУРЫЗДЫ КӨРІСУДЕН БАСТАДЫ

IMG-20230317-WA0087

Наурыз – барша мұсылман халықтары үшін жыл басы, ұлық мереке. Әсіресе, қазақ халқы үшін бұл мерекенің маңызы бөлек, мәні терең. Ұлыстың ұлы күні, «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп ерекше ықыласпен, үмітпен қарсы алады.

Қаймана заманда өмір сүру үрдісі көшпенділікке негізделген халқымыз Наурызда қытымыр қыстың құрсауынан босанып, ағайын-туыс бір-бірімен қайта қауышып, қуанышқа бөленген. Жер-Ана да Наурызда бусанып, барша тіршілік иесі қайта түлей бастайды.

Міне, осындай ұлық мерекеміз кеңестік кезеңде ұмыт болғаны бар. Алайда, қуанышымызға орай, Тәуелсіздігімізбен бірге Наурыз мейрамымен де қайта қауыштық. Содан бері Наурыз елімізде жалпы халықтық сипатқа ие болып, кең көлемде тойланып келеді.

Дегенмен, соңғы жылдары Наурыз мерекесін атап өту тұрғындар арасында да кең етек алып жатқаны көзді қуантады. Бұған дейін ауыл-ауылдарда, аудан орталығында дүркіретіп атап өтілсе, енді міне жекелеген көшелерде, көрші-қолаңның арасында Наурыз мерекесін бірге атап өту дәстүрге айнала бастады.

«Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің жақсы» демекші, ауызбіршілігі жарасқан көршілердің көрінісіне Меркі ауылындағы Кемелбеков көшесінде куә болдық.

Аталған көшенің белсенді тұрғындары мереке қарсаңында Наурызды көршілер болып атап өтті. Ұлттық дәстүрге сай дастархан жайып, Наурыз көже дайындады. Бір-бірлеріне деген ізгі тілектерін арнаған көршілер Наурызды жыл сайын осылай тойлауды дәстүрге айналдыратындарын айтысты. Аналар бір-біріне құрмет көрсетіп ақ жаулық жапса, балалар күресіп, мәз-мейрам болысты. Сондай-ақ күмбірлеген домбыра үні мерекенің мерейін аша түсті. Әжелер қауымы ұлттық – ауылдың алты ауыз әндерінен шырқады.

IMG-20230317-WA0093

Ынтымақ пен берекенің мерекесінде Кемелбеков көшесіндегі көршілер ұйымшылдығымен көпке үлгі болса, дәл осындай дәстүрдің бірен-саран көшеде емес, аудандағы барлық көшеде «белең алуына» тілектестік білдіреміз.

Қазыбек КАМАЛ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *