«Қамшының сабындай ғұмыр» деп бірауыз сөзбен қайырған бұл пәниде адам баласының бір-бірінен артық тұсы – оның өзінен кейінге қалдырған өнегесі болар, сірә. Олай дейтініміз, шалқыған өмір, тасыған көңіл ешкімге ешқашан да мұрат болмаған. Дейтұрғанмен, бұл жалғанды жалпағынан басып, қызық қуалап, дүниесіне малынған қаншама жан қара бастың қамын күйттеп те өтті емес пе. Бұл енді қуыс кеуде, жұмыр басты пенде атаулы көпке тән қасиет болса керек-ті.
Әйтсе де, көп ішінде бір төбе болып, дарияның тасуындай арындаған, саналы ғұмырын «ат үстінде өткізген» дара тұлғалардың шарапатынан болар, бұл өмірде ізгілік атаулының ізі әлі де болса жоғалмай келеді. Ондай тұлғаларды ұрпағы ұлықтап, әрқашан биікке көтереді. Ондай тұлғалардың есімі ел есінде мәңгі сақталады. Ондай тұлғалардың өзі өмірден өтсе де, артында қалдырған өнегесі өне бойы ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Міне, осындай ұлағат өмір иесі, жерлесіміз, Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қайсарбай Ыдырысұлының туғанына биыл 100 жыл толды. Қайсар ұлының мерейтойын Меркі жұртшылығы дүркірете сән-салтанатымен атап өтті.
Атамыздың рухына арнап туған жері Тәтті ауылындағы «Көк төбе» жайлауында ас беріліп, құран бағышталды. «Ат үстінде өткен ғұмыр» тақырыбында өткен іс-шараға алыс-жақыннан келген игі жақсылар көптеп қатысты.
Өмірін өнегемен өрнектеген арда азамат бар ғұмырын туған елге қызмет етуге арнаған. Ол небары 19 жасында, жалындаған жас кезінде, ел басына күн туған сәтте, әкесі Ыдырыстан ақ бата алып, майданға аттанады. Генарал К.Рокосовский басшылық еткен 16 Армия құрамында Мәскеу қаласын қорғау шайқастарына, Белоруссия, Польша, Украинаны азат ету соғыстарына қатысқан. Сұрапыл соғыс майданында, 4 жылдық ғұмырын өмір мен өлімінің арасында өткізіп, Ұлы Жеңіске жетуге өлшеусіз үлес қосқан.
Қайсарбай Ыдырысов елге оралғанан кейін ұзақ жылдар бойы еселі еңбек етіп, туған жерді түлету мен көркейту жолында бар-күш жігерін арнаған. Ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп, білікті басшы, көрнекті ұйымдастырушы бола білді. Саналы ғұмырының 44 жылын ауыл шаруашылығына арнаған, оның ішінде 33 жыл шаруашылықты басқарған.
Өнегелі өмірімен ардақты, елім деген азаматтың бірегейі болған Қайсарбай Ыдырысұлының бейбіт жылдардағы елге сіңірген орасан зор еңбегі лайықты бағаланған. Жоғары басшылықтан «Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері», Екі мәрте «Октябрь революсиясы ордені», «Құрмет белгісі» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасына сіңірген ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері», Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінің «Алтын», «Күміс» және «Қола» медальдары, «Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы» сынды көптеген кәсіби атақтар мен мемлекеттік наградалар алған.
Міне, осындай ғұмыр иесінің өмірі мен еңбек жолы іс-шара барысында ұлықталды. Бұл жайында аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы да ерекше атап өтті. Аудан әкімі Қайсарбай Ыдырысұлының соғыста көрсеткен ерліктері жайында айта келіп, «Отан соғысының 1-дәрежелі», «Қызыл жұлдыз», ордендерімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» сынды әскери марапаттарға ие болғанын жеткізді.
Сонымен қатар, іс-шарада ҚР мәдениет қайраткері, ақын, жыршы, сазгер Бейбіт Шошабаев Қайсарбай Ыдырысұлына арнауын жыр жолдарымен төксе, белгілі ақын Шырын Мамасерікова әке жолын дәріптеп жүрген Эльмира Қайсарбайқызына арнаған өлең жолдарын тарту етті. Сондай-ақ, Қайсарбай атамыздың мерейтойына сонау Түркістаннан келген Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-ректоры Асқар Тұрғамбаев бастаған «Атамекен» ұлт аспаптар ансамблі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, Меркі ауданының құрметті азаматы, жерлесіміз Бағлан Бәбіжан да өнер көрсетті.
Қайсарбай Ыдырысұлымен кезінде қызметтес болып, тәрбие-тәлім алған бірқатар шәкірттері де сахна төрінен орын алып, атамыздың ерліктері мен елге еткен кіршіксіз қызметі туралы, оның бір бойынан табылатын адамгершілік қасиеттері жайында естеліктермен бөлісті.
Сонымен қатар, осынау іс-шарада жерлесіміз, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Марат Тұрғымбайдың көркемсурет туындылары жинақталған фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Онда Қайсарбай Ыдырысұлының суреттері мен туған жердің тарихын жырлайтын туындылар қойылыпты.
Иә, Қайсарбайдай қазақтың қайсар ұлы жайлы аз жазылмаған. Десе де жерлесіміз, туған жердің тарихын түгендеп жүрген қалам иесі Әбдімомын Қонқабаев қайсар атамыз туралы «Ат үстінде өткен ғұмыр» атты естеліктер жинағын жарыққа шығарыпты. Аталған туындының тұсаукесері салтанатты түрде өтіп, Қайсарбай атамыздың ұлы Бақытқали Ыдырысов естелік жинақтарын қонақтарға сыйға тартты.
Арда азаматтың мерейтойына арналған іс-шара аудандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапса, ұлттық ойын –көкпар мен спорттық шаралар да өз ретімен өтіп жатты.
Өмірі – өнеге деген осы да. Асыл ер саналы ғұмырын елге қызмет ету жолында ат үстінде өткізген болса, елінің де ер есімін осылай ұлықтауы – бұл «Қамшының сабындай ғұмырдың» текке өтпегені болса керек.
Қазыбек КАМАЛ