Пендешілік болар, біз кейде қоғамның негізін құрайтын адамдардың нарықтық экономиканың қатаң заңдылықтарына амалсыз көніп, оған бой алдырғанын, һәм олардың айналаға ашық көзбен қарап, мейірімділік иірімдерінен алшақ кетіп бара жатқанын дәлелдеуге тырысып жатамыз.
Сондай үрдіске бағынған кейбір бейбақтар қазақ ұлтының менталитетіне қарама-қайшы келетін жайт – өздерінің жақыны мен туысынан ажырай бастағанын «Бірге тумақ бар, бірге жүру жоқ» деген тәмсілмен ақтайтынын да естіп-көріп жүрміз.
Ләббай дейік, өкінішті болса-дағы оған да көніп… Ал, небір қилы замандардың өзінде жетімін қаңғыртып, жесірін жылатпаған арда қазақтың бұл күндердегі ащы да болса бар шындығы – белінен шыққан немесе құрсағында өрбіген өз баласынан жеріп, тастанды атандырғанын ақтауға тұрарлық қайсы бір мақал яки тәмсілмен жауап берер екенбіз!? Меніңше, Жаратушы мен адами ар алдында кешірілмес күнәнің ең үлкені – бейкүнә нәрестенін тағдырын жеке мүддеге айырбастай салу деп түсінемін.
Қазіргі қоғамдағы қозғалыстың екінші бір жағына қарасақ, «Заман озды, адам тозды» дейтұғын кертартпалыққа қарсы шығатын мейірбандылықтың кішкене ғана аралы емес, тұтас құрлығын да анық көреміз.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін іске көшсек, 7-мамыр – Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келген игілікті іс-шара Меркі жерінде өтті.
Осы күні ұлық мереке болғанымен, ақ ниетке байланысты уақыт тапқан, белгілі азамат Дүкенбай Ермеков басқаратын Жамбыл облысы және Тараз қаласы Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері Одағының өкілдері, танымал тұлғалар Мұрат Тазабеков пен Мұхтар Байғабылов ауданымызға арнайы келіп, аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаровпен бірге ерлі-зайыпты Ғалым Қазыбекұлы мен Әлия Шолпанқұлқызына төсбелгілерін табыстап, құрмет көрсетіп қайтты.
Тарқатып айтар болсақ, куәліктерінде жоғарыда аталған Дүкенбай Ермековтың қолы қойылып, мөрі басылған «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен «Еселі еңбегі үшін» медалін иеленген Арыстанбаев Ғалым Қазыбекұлы мен «Ана жүрегі» медалімен марапатталған Көбегенова Әлия Шолпанқұлқызы айбарлы атағы бар – жоғарыда айтылған Одақтың жоғары наградаларына қалайша ие болысты?
Сонымен, тек Меркі жеріне емес, облысқа, қала берді, Республикамызға аты етене таныс Ғалым Арыстанбаев 1978 жылы Тәтті ауылында, қарпайым отбасында туған. Алдында ауылда әке жолын қуып, электрші болған Ғалым 2000 жылы Шу қаласындағы темір жол әскери күзетшілігінде пойыздарды шығарып салушы қызметіне орналасты. Міне, тап осы жерде ол өзінің қатаң тәртіп пен құқықтық талаптарға сүйене білетін мықты маман болып қалыптасу кезеңінен өтті.
2006 жылы Меркідегі патрульдік бекетке жұмысқа ауысқан ол 2013-2018 жылдары жол-патрульдік полиция инспекциясында аға сержант шенінде жұмыс атқарып, сырттай оқып ТарМУ-дің заң факультетін бітіріп, жоғары білім алды.
Текті жердің қызы деп айтуға толық келетін Әлия Шолпанқұлқызымен отау құрған Ғалым 3 ұлдың әкесі атанған соң, бір жанұялық кеңес кезінде тастанды сәбилер туралы естіп-көргенде жан азабын тартатын қос жұп 1 қыз асырап алу жағын ойластырады. Сонымен, балалар үйіне келіп, бір қызға ерекше мейірімдері ауған олар әлгі қыздың жанында жүріп, бауыр басып қалған тағы да 2 қыз бен 2 ұлды бірге қамқорлықтарына алады. Иә, бұл нағыз ерлік еді! Мұндай сауапты іске екінің бірі бармасы анық.
Арыстанбаевтар одан кейін тағы да 2 қыз, 1 ұлды асырап алып, солайша, үлкен отбасыға айналады. 2017 жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында Ғалым мен Әлия құрған жанұя жеңімпаз атанып, артынша өткен республикалық жайқауда жүлдегер болады. Солайша есімі елімізге танылған Ғалым Қазыбекұлы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанып, мерейі артты. 2019 жылы «Меценаттар» тізіміне кірген де біздің Ғалым.
Бұл күндері барлығы 11 ұл-қыздың ішінде 3 қыз тұрмысқа шыққан, олардан 2 жиен немерелері бар. 1 қыз, 1 ұлдары студент атанса, қалғаны мектеп қабырғасында оқушы.
Жамбыл облысы ПД ППБ 3-взвод қызметі аға инспекторы, полиция капитаны Ғалым Арыстанбаев жоғарыда аталған наградасынан бұрын еселі еңбектерінің арқасында Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», «Қазақстан полициясына 30 жыл», «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «ІІО Ардагерлер құрметі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгіремін марапатталса, сенімді серігі, жан-жары Әлия Шолпанқұлқызы «Қазақстан патриоты» медаліне ие болған еді.
Иә, ерлі-зайыпты Арыстанбаевтар ата-баба салтын ұстанып, ұлтымызды өзгелерден ерек көрсететін адамгершілік қағидаттарын іс жүзінде көрсете білді.
Ал, ел ішіндегі ерлік істерімен танылған Арыстанбаевтар сынды азаматтардың көпке үлгі болар мейірімділікке толы үрдістерін қалт жібермей, айтулы мерекелер кезінде жеке өзі қызмет бабымен келе алмағанымен, әріптестерін атқа қондырып, құрметін көрсеткен Дүкенбай Ермеков пен өздерін нағыз ұлт жанашырлары ретінде таныта білген белгілі азаматтар – Мұрат Тазабеков пен Мұхтар Байғабыловқа да меркіліктер атынан айтар алғысымыз шексіз.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы»