Меркі аудандық білім бөлімінің қосымша білім беру мекемесі Оқушылар «Үміт» сарайының директоры Бейсенбаева Зәуре Төребекқызы басқарған ұжым жыл сайынғы дәстүр бойынша, 2022-2023 оқу жылының есеп беру концертін, «Балалар – шаттық ордасы» атты тақырыппен аудандық Мәдениет үйінде өткізді.
Концертке аудан тұрғындары, ата-аналар, білім алушылар, шақырылған құрметті қонақтар, өнерсүйер қауым түгел жиналды. Аудандық мәдениет үйінің фойэсінде қолөнер, сурет және робототехника көрмелері қойылды. Көрермен көрмені тамашалады.
Есептік концерт поэзиялық мәнерлеп оқумен басталды.
Концертті Бекболат Бақтиярұлы, Мейірім Меркібек, Қайрат Бексейіт сынды жас өрендер жүргізді.
Концертте Халықаралық «Азия жұлдыздары», «Шашу», Республикалық «Дала сазы» өнер байқауларында Бас Жүлдені иеленген «Жібек Жолы» тобының бишілері жаңа тігілген керемет киімдерімен бірнеше биді мың бұрала билесе, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұрасыл Әкімқұл мен Таңнұр Төстік әсем әндерін жиылған көпшілікке тарту етті. Жас әншілердің орындауында «Самға» әні шырқалды.
Лэд экраннан суретшілер мен қолөнершілердің Париж қаласында өткен Халықаралық шығармашылық байқауында, Лувр көрмесінде Бүкіләлемдік және барлық «Алтын қазына» байқауларында Бас Жүлде иеленгендері көрсетіліп тұрды.
«Ойшыл» шахмат, «Қызықты математика» , «Зерек» қазақ тілі, «Достық» ағылшын тілі, «Тілашар» орыс тілі, «Шежіре» тарих, IT сыныбы және робототехника үйірмелеріндегі білім алушылар Пәндік олимпиадалар мен Республикалық, облыстық білім байқауларында үздік көрінді.
Сондай-ақ, концертте көңілді тапқырлар үйірмесінің Жайдарманшылары мен «Аяла» театр үйірмесі қойылымнан үзінді қойды. Залдағы көрермендермен ойын ойналды. Бала бойындағы өнерді шыңдаған ата-аналар мен ұстаздар бірге ән шырқады.
Қазақстанның жарқын болашағы – ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында екені анық.
Бүгінгі балдырған бүлдіршіндерге, ата-аналарға, Оқушылар «Үміт» сарайының ұжымына, директоры Зәуре Бейсенбаеваға Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Алтынбаева Әйгерім Аханқызы жүрекжарды тілектерін, жақсы лебізін білдірді.
Концерт жұртшылық көңілінен шығып, өте жоғарғы деңгейде өтті.
Ә.БОРАНҚҰЛОВА,
Меркі ауданы