Тегінде белгілі бір өңірдің өрісін кеңейтіп, оны сан тарапқа әйгілейтін факторлардың ішінде өнер адамдарының рөлі ерекше.
Ал, жергілікті масштабта ғана емес, бүкіл еліміздің мерейін асырса, ұлтымыздың өнер саласында да өзіндік орны бар екенін іспен дәлелдей алған тарланбоздарымыз қазақ өнерінің алтын қоры екені анық.
Олардың ішінде ҚР халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, белгілі сазгер әрі әнші, Алатаудың етегін қиялай қонған Қызыл сайдан түлеп ұшқан жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевтың есімі иісі қазаққа ғана емес, алыс-жақын шетелдің өнерсүйер қауымына да етене таныс. Алтекеңнің феномені сол, ол, тіпті, тілі мен түрі басқаны да әсерлі қазақ әні мен әсем сазына бас игізіп, оған тәнті еткізе білді. Алтынбек аға Қоразбаев арқылы ұлт өнері алыстарға танылды, Тұран даласын жайлаған қазақ баласының қай салада болмасын қаражаяу емес екендігін талғамы жоғары ортаға еріксіз мойындатқан да осы тұлға.
Міне, өткен жұма күні аудандық Мәдениет үйінде өткен «Думанды Меркі – өнердің көркі» атты вокалды-аспапты ансамбльдердің республикалық байқауы, ең алдымен, тарихы терең Меркі ауданының 95 жылдығы мен Алтынбек Қоразбаевтың 75 жылдық мерейжасына орай, сонымен қатар, өнер өлкесінде орны бар «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің 45 жылдығына орай ұйымдастырылған еді.
Аталған әсем кешке аты жарнамалаусыз ақ бәрімізге таныс Алтынбек Қоразбаев, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы, Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, сонымен қатар, ауданымыздың ретро әндерді сүйіп тыңдап, бұрнағы ескі әуендерді оң бағалар тұрғындары қатысты.
Ал, байқауда бақ пен баптарын сынамақ мақсатында республикамыздың әр түкпірінен келген, барлығы 13 вокалды-аспапты ансамльдің мүшелері келіпті. Олардың ішінде, Қарағанды қаласынан «Арқа-Ретро», Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданынан «Экспресс», осы аталған ауданға қарасты Шиелі жерінен «Шаттық», Алматы облысы, Қарасай ауданы, Мерей ауылынан «Мерей», Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылынан «Retro style», осы облыстың Райымбек ауданы, Қарасаз ауылынан «Тянь-Шань», Түркістан облысы, Сайрам ауданынан «Ақсу әуендері», Түркістан қаласынан «Тарлан», Тараз қаласынан «REPUBLIK BAND», Жамбыл облысы, Жуалы ауданынан «Бөкейтау», көршілес Қордай ауанынан «Бастау», Тұрар Рысқұлов ауданынан «Сұлутөр» және өзіміздің жергілікті топ – «Мерей» вокалды-аспапты ансамблі қатысты.
Міне, осы әр өңірдің үкілеген үміттерінің өнер байқауына тура баға беріп, топ жарған нағыз дарабоздарды анықтау үшін арнайы жасақталған әділқазылар алқасы да осал емес екен.
Алқа төрағасы Алматы қаласы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Есқайыр Абаханов болса, мүшелерінің қатарында Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ғани Садырбаев, «Ғұмырдария» балалар телефестивалінің бас продюсері, республикалық «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің басқарушы мүшесі Болат Есіркепов, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы «Алатау» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Дастан Көреген мен ҚР өнер қайраткері, дәстүрлі және эстрада әншісі Алма Аманжолова болды.
Байқауды алғысөзбен ашқан аудан әкімі Жорабек Баубеков іс-шараның мәні мен мағынасы туралы айта келе:
– Бұл байқаудың біз үшін маңызы жоғары, мәдениетіміз бен руханиятымызға қосар үлесі зор деп білемін. Осындай іс-шаралар арқылы ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, ұлттық өнерді дәріптейміз деп есептеймін. Ал, осы мақсатта сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңыз бен еселі еңбектеріңіз орасан. Сіздер асыл қазынамыз болған халық әндері мен музыка атты ұлы өнерді ұлықтап, ұлттық мұрамызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келесіздер. Ендеше, бүгінгі байқауға қатысып отырған баршаңызға сәттілік тілеймін. Сіздердің өнерлеріңіз өнерсүйер қауымның көңіл сарайына шуағын шашып, осында отырған қалың көрерменнің бұл кештен рухани нәр аларына сенімдімін, – деп, ақ жол тіледі.
Келесі кезекте жеребе бойынша байқауға қатысушылардың реттік сандары анықталған соң, әр ансамбль, байқаудың тәртібі бойынша, алдымен, А.Қоразбаевтың 1 әнін және 1 отандық немесе шетелдік шығарма мен ретро әндердің тізіміне кіретін 1 әнді аспаптардың сүйемелдеуімен жанды дауыста орындап шығуы керек болды.
Сонымен, Алматы облысынан келген «Тянь-Шань» тобы бастаған байқау концерті сөре сызығын аттап та кетті. Журналист әрі көрермен ретінде айтып өтсем, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Мерей ауылынан келген, 2015 жылы құрылған «Мерей» вокалды-аспапты ансамблі мүшелерінің кәсіби деп баға беруге тұрарлық өнері көпті тәнті еткені анық. Аталған топтың кәдуілгі қарапайым қазақы ауылдық екенін ескерсек, аталмыш ансамблдің талай жерде топ жарарына күмән жоқ. Осы Алматы облысының Ақсеңгір ауылынан келген «RETRO STYLE» ансамблі де А.Қоразбаевтың өздері таңдаған «Таудағы көктем» әнін тамаша орындауда көрерменнің есінде қалмақ. Сайрамнан келген «Ақсу әуендері» тобы А.Зацепиннің «Тыңда» әнін жоғары деңгейде, өздеріне тән нақышта орындай білгенімен ерек тұрса, Шиеліден жол тартып жеткен «Шаттық» ансамблі А.Қоразбаевтың «Ай-хай жиырма бес» әнін құйқылжыта төгілтті. Біздің 1986 жылы құрылған меркілік «Мерей» ансамблі де өзінің сахнасында «салғырттыққа» салынбай, А.Қоразбаевтың көршілес жатқан екі елдің достығына арналған «Қазақ-қырғыз арасы» атты әнін шебер орындаса, классикалық шығарма – Бетховеннің 5-симфониясы мен Б.Құлдановтың «Аспара – сұлу Меркі» әнін кәсіби түрде орындауда да өздерінің өнер өлкесіне тегін келмегендіктерін көрсете білді.
Осылайша, көрермендердің ықыласына бөленген ансамбльдер өздерінің барын ортаға салған соң, арадағы үзілістен кейін Мәдениет үйінде қайта қауышқан көпшілік алдына аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай шықты.
Сөз кезегін алған өңір басшысы Жорабек Баубеков:
– Құрметті өнерсүйер қауым! Міне, байқау да болып өтті. Осынау байқау барысында республика аймақтарынан келген шынайы өнерпаздар бар өнерлерін көрсетті. Яғни, біз құлақтан кіріп, бойды алар нағыз жанды музыкадан әсер алдық. Тамаша күйге бөлендік. Ұлттық әндеріміз бен әуендерімізге қанық болдық. Бұл өлең мен өнерді тоғыстырған, тағылымы терең, мәні биік, рухани азығы мол іс-шара болғаны анық. Ал, енді осынау тойдың өтуіне басты себеп – ол өзіміздің жерлесіміз, ҚР халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев ағамыздың 75 жасқа толған мерейжасы болып отыр. Ағамыздың еліміздің өнер саласын дамытуға қосқан үлесі шексіз деп білемін. Алтекеңнің лирика мен махаббатқа толы сазды әуендері әрбір қазақтың жүрегінен жылы орын алған десек, артық айтқандық емес. Ендеше, ағамызды сахна төріне шақырып, сый-құрметімізді көрсетейік, – деп ел атынан Алтынбек ағамыздың иығына қазақы дәстүрмен жапан жапса, басына бөрік кигізіп, гүл шоқтарын сыйлады.
Өз кезегінде, жерлестеріне ризашылық танытқан Алтынбек Қоразбаев Қ.Мырзалиевтің сөзіне жазылған «Боз дала» әнін орындаған соң, 70 үйлі алақандай ғана «Қызыл сайын» әлемнің ешбір экзотикалық жеріне айырбастамайтынын айтып, тебіреніс пен сезімге толы жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Келесі кезекте Ә.Асылбековтың «Туған жер туралы толғау» әнін шырқаған Алтынбек аға өзінің шәкірті Алма Аманжолова екеуі дуэт болып С.Тұрғымбековтің «Жайлауда» әнін салды.
Байқаудың ретро-фестиваль бөлігін белгілі әртіс Аманғали Сыпабеков жүргізді.
Міне, әділқазылар алқасының бүгінгі байқаудың қорытындысын шығарған кезеңі де келіп жетті.
Олардың бірауыз шешімі бойынша байқаудың 1-орнына арнайы Диплом мен 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылған біздің жерлестеріміз «Мерей» ансамблінің, шын мәнісінде, мерейі үстем болып, осы биіктікке лайықты деп табылған екен.
Ал, 2-орынға «Ақсу әуендері» мен «Тарлан» тобы тең жайғасып, әрқайсысы 300 мың теңгеден алып, қоржын толтырса, 3-орын «REPUBLIK BAND», Алматы облысынан келген «Мерей» мен рысқұловтық «Сұлутөр» топтарына бұйырып, олар 200 мың теңге көлеміндегі сертификаттарға қол жеткізді. Қалған топтар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Меркі жеріндегі дүбірлі өнер кеші осылайша аяғына жетті. Біздіңше, жұртта қалып, ұтылған ешбір топ жоқ. Себебі, бұл байқау арқылы қазақ өнері қайта түлегендей болса, ұмытылмас ретро әндер көпшілікті жастық шаққа жетелеп, бірмезгіл сонау бір сағыныш өлкесін шарлатып қайтқандай әсер қалдырды. Өткенсіз болашақ жоқ, ағайын!
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы»