Тегінде, қайсы қоғам болмасын, оның басты құндылығы – адам. Бұл қағидатқа қарсы уәж айтар ешкім жоқ шығар.
Осы ретте, еліміз Тәуелсіздігін алып, егеменділікке қол жеткізген кезеңде, оның ішінде, Әділетті Қазақстанды құру барысында бізге, ең алдымен, керегі – ұлт саулығы мен ұлт сапасын жақсарту жолындағы білім беру жүйесінің әділ әрі ашық болуы. Әсіресе, білім беру саласында адалдық пен біліктілік болмай, табысы тасқындаған ұлт болып алға жылжу еш мүмкін емес. Жоғарыда аталған осы екі қос егіз ұғым санамызда қалыптасып, іс жүзіне аспаса, мықты ел болуды армандаудың да, айтудың да еш қажеттілігі жоқ. Сол үшін де шығар, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынып, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесін қайта қарау тапсырылды.
Міне, сейсенбі күні ауданымыздағы Қ.Жандарбеков атындағы балалар өнер мектебінің акт залында өткен «Алғашқы жұмыс орны: мүмкіндіктер алаңы» тақырыбындағы жұмысқа ашық түрде орналасу үшін бос орындар жәрмеңкесінің мақсаты – педагогикалық білімі бар, ұрпақ тәрбиесіне ашық көзбен қарайтын, ең бастысы, ұлтқа жанашырлықпен қарайтын жігерлі жас мамандарды жұмысқа тарту болатын.
Айгерім Алтынбаева басқаратын аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара, шын мәнісінде, арнаулы орта және ЖОО бітірген жас мамандар мен жұмыс ұсынушылар арасындағы іргетасы бекем алтын көпірдей болғанын сөз басында-ақ айтып өткеніміз жөн.
Сонымен, тарқатып айтсақ, аталған жәрмеңкеге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 21-ақпандағы №57 (Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 22-желтоқсандағы №513 бұйрығымен өзгерістер мен толықтыруына) бұйрығының 3-тарауында көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін арнаулы орта мен жоғары оқу орнын бітірген, барлығы, 142 жас маман қатысты.
Ал, оларға ауданымыздағы 5 мектепке дейінгі, 19 жалпы орта білім беретін, сонымен қатар, 5 қосымша білім беру мекемелерінен түскен 87 бос және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды.
Жәрмеңке алдында жас мамандар құлақтануы үшін әлеуметтік желілер арқылы алдын-ала хабарландырулар жасалса, жәрмеңке өтетін нысанның көрнекі жеріне «Бос орындар ваканциясы» атты арнайы тақта қойылған екен. Көпшілік сол ақпарат көздері арқылы зал ішіндегі керекті білім мекемесінің басшыларына тікелей жолығып, көзбе-көз дидарласуға мүмкіндік алды. Ал, білім мекемелерінің басшылары немесе орынбасарлары, өз кезегінде, жұмысқа орналасуға тілек білдірушілерге өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы толық ақпар беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған бос орындар жәрмеңкесінің ашық өтуін қадағалау мен керек кезде жұмысқа орналасушы жас мамандардың түрлі сұрақ-сауалдарына жауап беру мақсатында іс-шараға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, төраға орынбасары Мелісбек Жұматаев, сонымен қатар, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Жамалбек Тілеміс қатысты.
Сөз басында айтылғандай, Тәуелсіз еліміз, оның ішінде, ұлтымыз өркендеп, жаһандық көштің соңында шаң қауып қалмауы үшін бізге мықты медицина мен білікті білім мамандары ауадай қажет. Сондықтан, басқасына «бас ауыртпасақ та» осы екі салаға сайдың тасындай іріктелген, «сен тұр, мен атайын!» дейтіндей, табиғатынан дара туған тұлғалардың көптеп тартылуын қалаймыз. Бұл жанайқай жай демогогиялық немесе популистік сөз емес, оны ұлт болашағын ойлаған – стратегиялық қажеттілік деп түсінейік.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы»