Сел – температуралық фонның жоғарылап, мұздықтардың еруінен, ұзақ нөсер жауындар немесе мерзімдік қар жамылғысының қарқынды еру нәтижесінде, кіші таулы өзендер алабтарында және құрғақ сайларда еңісті ағын әсерінен пайда болатын, таулы жыныстардың, тастың, минералды бөлшектердің үлкен концентрациясы бар ағын.
Жамбыл облысында сел қауіпті аймақтарда орналасқан телімдер мен нысандар төлқұжаты бойынша 4612 тұрғынға, 1326 нысанға сел қауіпін төндіретін 18 өзен бар. Олар Жуалы ауданында – Ақсай, Көксай, Рысқұлов ауданында – Мақбал, Шөнгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу және Көкдөнен, Меркі ауданында – Аспара, Меркі, Молалы, Талды бұлақ, Түзу сұрат, Қордай ауданында – Қарақоңыз, Қақпатас, Рғайты және Қалғұты, Талас ауданында – Тамды өзендері.
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы қызметінің мақсаты Жамбыл облысы аумағындағы халықты, шаруашылық объектілерін төтенше жағдайдың туындауы туралы хабарлаудың бекітілген схемаларына сәйкес қызмет көрсету аумағында қауіпті табиғи құбылыстардың (сел, сырғыма, қар көшкіні) әсерінен қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Филиал гидрометеорологиялық жағдайға күнделікті бақылауды 8 тұрақты (Қарақоңыз, Аспара, Меркі, Шалсу, Қайыңдысай, Қарақыстақ, Талас, Көксай) және селқауіпті кезеңде (15 мамыр-15қыркүйек) қосымша жоғарғы Меркі (Меркі санаториінен 29 км жоғары, т.д. 2496 м биіктікте), жоғарғы Аспара (Гранитогорск селосынан 24 км жоғары, т.д. 2571 м биіктікте) маусымдық гидропосттары арқылы жүргізеді.
Гидропосттар қызметінің маңызы, таулы аймақтан басталатын еңісті ағыннан түзілетін өзен алабтарында болатын сел құбылысын диспетчерлік пункттерге уақтылы хабардар ету болып табылады. Кезекші қызметі бақылау және құлақтандыру тобы диспетчері Жамбыл облысындағы мүдделі мекемелер басшыларымен бекітілген құлақтандыру схемасы бойынша құлақтандырады. Одан әрі төтенше жағдай саласындағы қызметтер, әр сала өз бағыттары бойынша әрекет етеді.
Басқарманың 2023 жылғы сел қауіпті кезеңінде атқарған жұмыстарына қысқаша тоқтала кетсек.
«Қазгидромет» РМК дауылды ескертуімен жолданған «Қазселденқорғау» ММ телефонхатына байланысты ауа райы болжамына сәйкес ТЖ ықтималдығы көрсетіліп, шаралар қабылдауға Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай және Талас ауданы әкімдіктеріне, аудандық ТЖ бөлімдеріне және ауылдық округтеріне, таулы аймақта орналасқан кәсіпорын, мекемелерге селқауіпті кезеңде 41 ескертпе-ұсыныстар жолданды.
Қызмет көрсету аумағындағы (Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Талас ауданы) әртүрлі деңгейдегі әкімдіктерге, кәсіпорындар, мекеме, әскери бөлім басшыларына, шаруа қожалық иелеріне 177 дана хабарлама-ұсыныстар беріліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 684 дана «Сел кезіндегі іс-әрекеттер» жаднамалары таратылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.
Бекітілген кесте бойынша филиал мамандары аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері, жергілікті атқарушы органдар мамандарымен бірлесіп, әр онкүндікте жоғарыда аталған селқауіпті 18 өзенге жер бетілік зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Ағымдағы жылдың 26-мамырында, 27-шілдесінде Жамбыл облысы ТЖД мамандарымен бірлесіп, Қырғыз жотасы, Талас Алатауындағы, 27 мореналық және үйінді көлдердің жарылуы қауіп-қатерлерін, сел қаупі бар өзендердің сел қаупін фондық бағалау, таулы аймақтағы мұздықтар қорын анықтау мақсатында тік ұшақты пайдалана отырып аэровизуалды зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Одан бөлек, жоспар бойынша 2023 жылдың 3-26-шілдесі аралығында ат көлік қызметін пайдаланып, Меркі ауданындағы Аспара өзені алабындағы 7 мореналық, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ өзені алабындағы 4 үйінді, Шалсу өзені алабындағы 1 мореналық көлдеріне жербетілік зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Жүргізілген аэрошолу, жерүсті зерттеулері бойынша бүгінгі күнге аталған мореналық және үйінді көлдерден елді мекен, нысандарға сел қауіпі жоқ.
Сел ағындарының пайда болуымен байланысты төтенше жағдайлар туындағанда және олардың салдарын жою жөнінде алдын-ала шаралар қабылдау мақсатында, мүдделі қызметтердің селағындарының туындау қауіпі төнгенде қойылған міндеттерді орындауға азаматтық қорғау мемлекеттік кіші жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау жөніндегі іс-шаралар пысықтауға 30 маусым күні Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының аумағында «Сел – 2023» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 2020 жылғы 18-ақпанда бекіткен «2020-2024 жылдарға арналған сел, сырғыма және қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар» жол картасындағы жергілікті бюджет есебінен «Қазселденқорғау» ММ аумақтық бөлімшелеріне табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында көмек көрсету шеңберінде Меркі аудандық әкімдігі аппаратынан 2023 жылдың мамыр айында қызметке қажетті 1- дана үрмелі қайық, 2-жиынтық күн панелі, 2-дана жатын палатка, 10-жиынтық арнайы киімдер, қызметте пайдаланатын 3-дана Меркі ауданының карталары берілді, сонымен қатар, Меркі ауылы аумағындағы халыққа сел туралы мағлұмат беретін «Сақ болыңыз, сел қауіпті аймақ!» тақырыбында билборд орнатылды.
Қазіргі уақытта Қордай, Т.Рысқұлов, Жуалы, Талас аудандарында сел қаупі туралы мағлұмат беретін ескерту қалқаншаларын жасатып, орнату жоспарлануда.
Сел қауіпті кезеңде филиал мамандарымен атқарылып жатқан жұмыстар туралы бұқаралық-ақпарат құралдарына және әлеуметтік желілерге 55 мақала жарияланды (оның ішінде газетке 5, әлеуметтік желілерге 40 мақала).
Қ.СУЛИКОВ,
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл
аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы
Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныш
құрылыштарын пайдалану тобының бас инженері