Иә, журналистика саласында әр тұлғаның тұтастығы мен болмысын сақтап, келбетін ашар әңгіме тақырыбы тегін қойылмайды. Ол белгілі бір азаматтың бұл фәнидегі шыққан белесі мен бағындырған асуын айғақтап, сол тау биігінен айналасына шашқан шұғыласынан тарайтын жылулығын һәм қоғам алдындағы беделіне бедерлі із салатын қосымша құрмет те.
Міне, біз ауданымызға белгілі әрі танымал азамат болғандықтан, артық рет жарнамалаудың өзі артық деп санайтын, дегенмен, барымызды бағалайтын ұлт ретінде белін бусақ әлі де қоғамға берері көп тұлға Жұматаев Мэлсхан Мамытұлы ағамыз жайлы мақаламызды осылай бастадық.
Біздің қазақта нағыз адам баласына тән парасаттың, қадір мен қасиеттің, тәлім мен тәрбие сияқты керектінің бәрі қойнауында жинақталған, ұрпақтар сабақтастығымен атадан балаға гендік түрде берілетін биологиялық «Тек» деген дара ұғым бар. Сол себепті, «Жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды» – демекші, Мэлсхан ағадан бұрынғы, арғы жақты бір айналып келейікші.
Балаң жігіт шағымыз. Ол кезде біздің Ақарал ауылында колхоздастыру кезеңі мен аштықты, одан кейінгі «үштіктің» үкімі жүрген 37-нің озбырлығын көріп, ол аздай Ұлы Отан соғысының зардабын тартқан қарт жауынгер, абыздар көп еді. Қарт дейміз-ау, қазір саусақ бүгіп санап отырсам, олардың бірқатары сол заматта 60-қа да толмаған кездері екен… Алайда, 70-80-ді алқымдаса да көп жағдайда ардан аттауға арланбайтын, сол ардың ісін жеке мүддесінен кейін қоюға тырысатын қазіргі «алдыңғы буын ағалардай» емес, олардың әрқайсысы шындық үшін шырылдаса, әділдіктің әріне дақ түсірмейтін. Әңгімелері де біреуді алдап-арбап немесе өсектеуге саятын пендешілік пен от басы-ошақ қасынан алыстамайтын осы күнгі қара бастың қамы емес, керісінше, қоғам мен қоршаған ортаның қаракетіне бағытталатын.
Сондай басқосуларда олардың қолдарына су құйып, сүлгісін ұсынған бала біздер қалқиған жарғақ құлақты жастыққа тигізуден гөрі оны бүгіндері сағыныш болған солардың шежіре әңгімелеріне тосатынбыз. Олар біреуді көкке көтерсе, енді біреудің болмашы кінәсі үшін «берекесін» кетіріп, жерге тықпайтын. Керісінше, әркімнің жақсы жағын жыр етіп, «Арда азамат еді-ау!» – деп, еске алушы еді, жарықтықтар! Сонда Ақаралдағы ел аузында «4-ші ауыл» деп аталатын арғы көшенің жасы үлкен ақсақалдары Жұматай бабаны, одан тараған Мамыт пен Шаймаханбет және Қалыш аталарымызды да жиі айтып отыратын. Енді есте қалған сол бір естеліктермен бөлісейін.
Оған сүйенсек, кезінде партия-кеңес қызметін атқарған Қалыш пен соғыста партизан болған Шаймаханбеттен (екеуі де ерте дүниеден қайтқан) бөлек 1910 жылы туған Мамыт атамызға тоқталсақ, Мамыт Жұматайұлы бар саналы ғұмырында көршілес Шу ауданында 3 бірдей колхоз-совхозды басқарған екен. Білікті басшы соғыс басталғанда жоғары басшылықтың шешімі бойынша бронь арқылы елде қалып, шаруашылықтардың жұмысын жүргізген, көптеген марапаттың иесі. Ал, соғыс алдында көңіл жарастырып танысқан аруы, жетім қалып балалар үйінде өскен Қазбекова Батжан Құсайынқызының тарихы да өзгеше. Әлгі ауыл ақсақалдары: «Біздің Батжан ерге бергісіз» деп отырушы еді. Оны тарқатып айтсақ, төркіні міне.
Қайсар мінезді, қаршадай қазақ аруы: «Екеуіміз де ауылда жүрмей, біріміз қару ұстап Отан қорғайық» деген патриоттық сезіммен сүйіктісі Мамыттың орнын басу мақсатында әрі жас коммунист ретінде қан майданға өз еркімен сұранады. Алайда, әскери комиссариаттың жасы келіп, мосқал тартқан бастығы: «Айналайын, қызым! Сені дүниеге әкелген ата-анаңа, тегіңе рахмет! Өзің сияқты авангард жастар тыл жұмысына да ауадай қажет. Әзірше, Қызыл армия күресіп жатыр. Сен мектепте шәкірт оқыт, білім бер, өзіңдей саналы азаматтар легін тәрбиеле. Майдандағы жағдай ушықса, кейін көре жатармыз» деп кері қайтарады. Осылайша, әскери комиссариаттың есігін бірнеше рет қаққан Батжан шешеміз соғыс кезінде мұғалім, одан кейін аудандық партия комитетінде Әйелдер кеңесін басқарады.
Ақаралда «Мамыт ата сөйдепті, Батжан апа бүйдепті!» деген тәлім мен тәрбиеге толы нақыл сөздер ағыл-тегіл болатын. Міне, ауылдың үлкен-кішісі ардақтаған, 8 ұл-қыз тәрбиелеп, оларды бөтеннің ала жібін аттамауға үйреткен Мамыт атамыз 1984 жылы, ал, қыз болса да қасқайып қан майданға сұранған Батжан анамыз 1993 жылдың қоңыр күзінде иті жоқ ауылға біржола кете барды…
Біз қазақтың тек деген сөзін азды-кем тербеп, кері қайттық. Енді басты кейіпкеріміз Мэлісхан Жұматаевқа қайта ойысайық.
Мэлісхан Мамытұлы 1952 жылдың 18-желтоқсанында Шу ауданы, Новотройцк ауылында дүниеге келген. 1970 жылы орта мектепті бітірген соң, ата кіндігінің қаны тамған «Қызыл Октябрь» совхозына (қазіргі Ақарал ауылы) келіп, құрылысшы болады. 1971-1973 жылдары әскери борышын атқарған соң, ауылдағы айтулы отбасы – Зауыт аға мен Алмакүл жеңеше – Жанықұловтардың аялап өсірген қызы, Семей техникумын бітіріп, аудандық Тұтынушылар Одағының «Заготконторасында» бухгалтердің көмекшісі қызметін атқарып жүрген Мадина есімді аруға үйленеді. Осылайша, аталған ауылда жұмысшы болған Мэлсхан 1976 жылдан бастап комсомол комитетін басқарып, ауыл жастарының көшбасшысы болады. Сол жылы Қырғыз Мемлекеттік университетінің география факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны бітірген соң, 1981 жылдан бастап қазіргі №4 Тілеміс батыр ауылындағы орта мектепте ұстаздық еңбегін бастаған. 1984 жылдан Меркі аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметін абыроймен атқарған ол 1987-1993 жылдары аралығында №6 «Кеңес» орта мектебінің директоры, ал, 1993 жылдан бастап, өзі мұғалімдік еңбек жолын бастаған №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектебіне басшылық жасады.
Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың өтпелі кезеңі көпшілікке оңай соққан жоқ. «Әйел ерге қараған, ер жерге қараған» дейтіндей, сол бір кездің қиындығын айнытпай көз алдыңа әкелетін тұста ұжым мен ел басқару мәселесінің мәнісін айту өте қиын, оны тек ұғыну керек сияқты. Міне, тап сол кезеңде мектептің есігін жаппай, балаларға білім беру ісін жалғастырған білікті басшы Мэлсхан Жұматаев 1998-2002 жылдары аралығында Меркі ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл белі әлсіз жылқыға емес, сенімді нарға артылған ауыр жүктей, әркім ойсырата орындай алмайтын өте үлкен жауапкершілік болатын.
2002-2012 жылдар аралығында ауданымыздағы білімнің қара шаңырағы – №18 Ақкөз Қосанов атындағы мектепке басшылықта болған Мэлсхан Мамытұлы осы мектептің базасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оның ішінде, үйреншікті қоңыраудың орнына ұлтымыздың уызы – күмбірлеген қазақ күйін пайдалануды қолға алды. Ол Тәуелсіздік кезінде жас ұрпақтың санасына патриоттық сарында үлкен әсер етіп, күй үні қазақы болмысымызды оятуға ұйытқы болғаны рас.
Зейнет жасына жеткен соң, ел ішінің бірлігі мен ынтымағын алдыға қойған М.Жұматаев қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, бұл күндері аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары әрі аудандық Билер кеңесінің мүшесі ретінде еңбек етуде.
Осылайша, қоғамға берер тәлімі әлі де көп Мэлсхан Мамытұлы тағылымға толы болған жалпы 49 жылдық еңбек өтілі кезінде екі мәрте ауылдық кеңестің депутаты болып, 1992 жылы «Жыл директоры» атағына да ие болған. Республикалық дәрежедегі, облыс және аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хатымен марапатталып, ағымдағы жылы республикалық «Хабар» арнасының ел Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей ұйытқы болуымен қолға алынған «Маңдай тер» тележобасына қатысып, оның арнайы сыйлығын алған да осы арда азамат.
Мэлсхан Жұматаев осы айда жұптасып ғұмыр кешкендеріне аттай 50 жыл толған жұбайы Мадина Зауытқызы екеуі ат жалын тартып мінер 1 ұл мен кесте тігер 2 қыз тәрбиелеп өсірді.
Тұңғыштары Толқын Астанада, ҚР Президенттік іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының жетекші экономисі. Күйеу бала – Жауғаш батырдың ұрпағы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондонда дәріс алған Асхат ҚР Сауда және интеграция министрлігінде бас кеңесші. Екеуі ұрпақтар сабақтастығымен Азамат атты ұл тәрбиелеуде, ол жоғарыда аталған орталық ауруханада бас маман.
Екінші қыз Олимпия 5 бала дүниеге әкелген батыр ана. Жұбайы Нұрдәулет Нәбиұлы Момынов Қазақстанның мақтанышы, Жамбыл облысы әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулиеата» кәсіпқой клубы» КММ-нің басшысы. Үлкендері Нұрила Астанадағы Медицина академиясының 5-курс студенті, Мөлдір М.Нәрікбаев атындағы заң университетінің білімгері, екеуі де мектепті алтын медальмен бітірген, қазір жоғары шәкіртақы алыр жүрген ел болашақтары, ал, ұлдары Мансұр өз салмағы бойынша «Дзю-до»-дан жастар арасында чемпион. Қалған екеуі мектеп оқушылары.
Мамыт атамыздың ұрпағы, Мэлсхан ағамыздың өмір жалғасы Мұхит ініміз жұбайы Әсел екеуі Астанада мемлекеттік қызмет атқарады. Екі ұл, бір қыздары бар.
Адал еңбек әрқашан ер атандырады. Бұл тәмсіл қай заманда да дәлелдеуді қажет етпейтін қағидат. Бұл күндері 70 жастың желкенді қайығымен алға жылжып, 50 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқан, жақын күнде Алтын тойларын атап өтпекші Мадина жеңгемізбен мерейі үстем біздің Мэлсхан ағамыз көпке үлгі болар ел ағасы, ауылдың абызы.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы»