АДАМНЫҢ БАҚЫТЫ – БАЛАДА

????????????????????????????????????

Еліміздегі демографиялық саясаттың ажырамас бір бөлігі – ол алтын құрсақты Аналарды әркез қолдап, барынша ұлықтаудан тұрады. Себебі, Ана – өмірдің бастауы, тіршіліктің қазына-көзі, Ана – ұрпақтар сабақтастығын үзбей, алға жылжытуға қауқарлы аяулы жан, сонымен қатар, арнасы сонау Адам ата, Хауа анадан бастау алатын бірден бір қайнар бұлақ.

Міне, осы өмірлік қағидаттардан алыстамай, Ана алдында аласалық танытқан аудан әкімі Жорабек Баубеков ҚР Конституциясы күні қарсаңында көпбалалалы аналарды қабылдап ізгілікті ілтипаты мен жоғары құрметін көрсетті.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 7-маусымдағы №243 Жарлығы бойынша Алтын алқа тағынған ақтоғандық батыр ана Гүлсім Саткеева мен Күміс алқа иегерлері атанған: Ақарал ауылының аруы Назгүл Шарғынова, ақтоғандық Айнура Атықұлова ханым, кеңестік ұлағатты ана Гүльвира Балабекова, Сарымолдаев ауылдық округінен келген әз-ана Салтанат Қойшыбаева, сұраттық сырбаз Толқын Омаралиева, ойталдық арулар – Севара Урманова мен Лемара Шыңғысбаева, ақермендік ақ ана Нағима Жұмабаева,  Жамбыл ауылынан арнайы шақырту алған ақжаулықты аналар – Гүлзира Орынбаева мен Рыскүл Халмурзаеваның алдында тебірене сөз қозғаған Жорабек Нұрмергенұлы:

– Бүгінгі күн бәріміз үшін қуаныш  кемерінен тасыған, есте қалар атаулы күндердің санатына жатады. Оның себебі де бір. Ол ел Президентінің Жарлығы жарық көріп, жүздеріңіз жаздай жайнап, айналаға жылулық ескен осы сәттеріңіз десек болады. Жалпы алғанда ана деген ұғымға тоқталатын болсақ, жер бетіндегі жаратылыс – адамзат баласына деген өмірді өздеріңіз – аналар сыйлайды. Сондықтан болар, дана халқымыз «Жәннат анаңның аяғының астында» деп, оны қиян мен көктен іздемеуді сұрайды. Тәуелсіз еліміздегі өскелең жас ұрпақты тәрбиелеудегі сіздердің еселі еңбектеріңізді ескермеу мүмкін емес, біз сіздерге әрқашан да бас иеміз.  Ана деген – өмір, махаббат пен жылулық. Әрбір отбасындағы береке-бірлік те әйел арқылы келеді.  Егеменді еліміздің іргесі мықты болуы да әйел азаматтарға тікелей байланысты. Қала берді, біз, ер-азаматтар қажыр мен қайратты, шыдам мен сабырды һәм табанды тірлікті тек қана сіздерден үйреніп, бойымызға сіңіреміз ол шындық! Сөз соңында сіздердің еліміздің демографиялық жағдайына, жалпы, Қазақ елінің дамуына қосып жатқан үлестеріңіздің өлшеусіз екендігін ескере отырып, сіздерге зор алғысымды білдіремін. Ұрпақтарыңыз саналы да тәрбиелі болып өсіп, еліміздің ертеңі болар азаматтар болуына тілектеспін, – деген соң, марапаттау рәсіміне көшті.

Тиісті алқаларын алып, иықтарына ақжаулық жапқан, ал,  гүл шоқтары болса, сұлулықтарына үйлесімділік қосқан әз-аналар атынан Алтын алқа иесі  Саткеева Гүлсім Төреқұлқызы өздерін ескерген ел Президенті мен аудан әкіміне көпшілік атынан аналық алғысын айтып, ризашылық білдірді.

 

Әлихан НҰРАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *