Сәрсенбі күні, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының төрағалығымен аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті.
Кеңейтілген мәжіліс отырысында аудандағы білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық деңгейі қаралды. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева баяндады.
Бөлім басшысы алдымен, білім саласындағы атқарылып жатқан жалпы жұмыстар мен қол жеткізген көрсеткіштерге тоқталды. Жалпы аудан бойынша, 59 мемлекеттік білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде, 16 мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 36 жалпы білім беретін мектеп, 1 түзету кабинеті, 6 қосымша білім беру мекемесі жұмыс атқарады.
Аудан бойынша 2022-2023 оқу жылын 16940 білім алушы аяқтаған болса, 2023-2024 оқу жылында 17100, оның ішінде, 1499 оқушы 1-сыныпқа қабылданады екен. Білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша, білім сапасы – 70,1 пайызды, үлгерім көрсеткіші – 100 пайызды құраған. Үздіктер саны – 3368 (19,9 пайыз) болса, екпінділер саны – 7221 (42,6 пайыз) болған.
Білім сапасын бағалау мониторингісі бойынша, 2022 жылы №17 мектеп гимназиясы Республика бойынша 7 мың мектептің ішінде үздіктер қатарынан табылған. Ал, 2023 жылы жасалған білім сапасының мониторингісінің қорытындысы бойынша Меркі ауданының білім беру саласы облыс бойынша үздіктер қатарына енген.
Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша, биыл 867 түлек мектепті аяқтаған. Қорытынды аттестаттау нәтижесінде, негізгі мектеп бітірушілердің 103-і – «Үздік аттестат», 16-сы – «Алтын белгі» иегері атанған. Жалпы, 867 мектеп бітірушінің 606-сы ҰБТ-ға қатысып, аудан бойынша орташа балл 79,2 болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,9 балға жоғарылапты. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 79 түлек 100 балдан жоғары балл жинаса, ҰБТ тапсырған түлектердің 334-і жоғарғы оқу орындарының мемлекеттік білім гранттарын иеленген.
Сонымен қатар, Айгерім Аханқызы алдағы жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы да баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта аудандағы білім мекемелерінің барлығы ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткен, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын екен. Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында өткізілетін дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының аясында, тамыз айында аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан 20 оқушыға демеушілер тарапынан 560000 мың теңге көлемінде көмек берілген. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан оқушылардың мектеп формасын алу үшін 70 млн. 870 мың теңге 769 отбасыдан шыққан 1752 баланың ата-аналарына әр бала үшін 40567 теңгеден төленіп берілген.
Кеңейтілген мәжілісте жаңа оқу жылындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру, оқушылардың оқулықтар және интернет желісімен қамтылуы, инклюзивті практиканы дамыту, ыстық тамақпен қамту, оқушыларды тасымалдау туралы мәселелер де талқыланды. Бөлім басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға да тоқталып өткен соң, аудан әкімі осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы: «Құрметті білім саласының қызметкерлері! Балалардың білім алуына қажетті жағдай жасап, қолайлы орта қалыптастыру – біздің міндетіміз. Сондықтан, біз ауданның даму жоспарына сәйкес, аудандағы білім мекемелерін заманауи ғимараттармен қамту үшін басымдықтарды айқындадық. Биыл аудан бойынша екі мектеп жаңадан салынып жатса, тағы екі мектепке қосымша ғимарат салынуда. Сол сияқты күрделі жөндеу жұмыстары да жыл сайын жоспарға сәйкес жүргізіле береді. Ал, енді, балалардың бойына саналы тәрбиені сіңіріп, сапалы білім беру – бұл сіздердің, яғни, педогогтердің тікелей міндеті. Бұл – адами фактор болғандықтан, сіздердің әрбіріңіз өз жұмысыңызға асқан жауапкершілікпен қарауыңыз керек. Қайнардың көзін ашқандай, балалардың оқуға деген ынта-жігерін аша білсеңіздер, біз білім саласында үлкен жетістіктерге жетеміз», – деген аудан әкімі білім бөлімінің басшысына мектептердегі білім сапасын, оның ішінде, әр пән бойынша мұғалімдердің біліктілігі мен оқушылардың білім деңгейіне зерделеу жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, мектептегі психолог мамандардың жұмысына назар аударған аудан әкімі олардың біліктілік деңгейлерін жетілдіру жағына көңіл бөлу керек екенін ескертті.
Сонымен қатар, мәжілісте аудандағы білім ордаларындағы материалдық базаны жетілдіру мәселесі де өз алдына сөз болды. Аудан әкімі мектептердегі интернет желісі және төтенше жағдайларға қарсы құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейіне зерделеу жүргізіп, тиісті ұсыныс енгізуді жауапты басшыларға тапсырды. Сондай-ақ, мектептерде оқушыларды асханамен қамту, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау, дәретханалардың талапқа сай болуы, оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, ең бастысы білім мекемелерінде кадрлық бизнеске жол бермеу мен сыбайлас жемқорлық білгілеріне нөлдік төзімділік қалыптастыру мәселелері де сүзгіден өтті.
Кеңейтілген мәжілістің келесі бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамадан туындайтын міндеттер және осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәселелер қаралды. Алдымен, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Нұрсұлтан Нәрікбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаса, білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева мен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Мейрамбек Дәрменов білім және денсаулық сақтау салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын баяндады.
Жорабек Нұрмергенұлы аудандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың жоғары деңгейде атқарылып жатқанын айтып, дегенмен бұл бағытта үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қазыбек КАМАЛ