Биыл республикалық тамыз кеңесі жаңа форматта жүргізілді. 20 аймақтың барлығы тақырыптық бағыттарға бөлінді. Бірінші күні 12 мыңнан астам педагог-тәжірибешілер, сарапшылар, білім беру және психология саласындағы мамандар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзивті білім берудің, балалардың құқықтарын қорғаудың және білім беру сапасын қамтамасыз етудің ең өзекті мәселелерін талқылады.
Білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады. Президент құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.
«Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», – деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», – деді Мемлекет басшысы құттықтауында.
Осы орайда, жұма күні аудандық білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті.
«Әділетті Қазақстан: Сапалы білім, Адал ұрпақ, Табысты ұлт» тақырыбында өткен тамыз кеңесіне аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы, аудандық мәслихат хатшысы Көкірекбаев Мұратбек Болысбекұлы, білім бөлімінің басшысы Алтынбаева Айгерім Аханқызы, аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Мадина Болысбекқызы және білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Кеңеске қатысушылар үшін арнайы көрме қойылып, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушылардың өнері, ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталып, өткен оқу жылындағы жетістіктер сараланды, жаңа оқу жылына арналған міндеттер мен межелер бекітілді.
Аудан әкімі білім саласының қызметкерлерін тамыз кеңесімен құттықтап, аудан педагогтеріне жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Жорабек Нұрмергенұлы: «Құрметті білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері. Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Еліміздің дамуы мен өркендеуі және жаңғырудың жаңа дәуірінде Әділетті Қазақстанды құру үшін – біз алдымен тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіруіміз керек. Бұл жолда сіздерге жүктелген жауапкершілік өте жоғары деп білемін. Сондықтан, ұстаз деген ұлы қызметтеріңізде сәттілік тілеймін. Ауданымыздың білім саласындағы жетістіктері жылдан жылға ұлғайып келеді. Дегенмен, біз бұл бағытта, яғни, білім саласын жетілдіруде үнемі жаңашылдыққа ұмтылуымыз керек. Осы мақсатта біз аудандағы білім нысандарын жаңарту мен жаңғырту жұмыстарын жоспарға сай жалғастыра береміз. Ал, сіздерден ұрпақ тәрбесінде нәтижелі жұмыс күтеміз», – деген аудан әкімі білім саласындағы инфрақұрылымды дамыту жоспарларымен бөлісті.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы баяндама жасап, өткен жылдың жетістіктері мен алдағы оқу жылындағы педагогтердің міндеттеріне тоқталды.
Бөлім басшысының айтуынша, білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде, оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы – 70,1 пайызды, үлгерім көрсеткіші – 100 пайызды құраған. Биыл 11-сыныпты 867 түлек аяқтаса, жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 1500 ден аса бала келеді деп күтілуде. Қорытынды аттестаттау нәтижесінде, негізгі мектеп бітірушілердің 206-сы – «Үздік аттестатпен» мектепті аяқтаса, түлектердің 18-і «Алтын белгі», 103-і «Үздік аттестат» иегері атанған.
Содан соң, тамыз кеңесінде үздік нәтижеге қол жеткізген білім мекемелерінің жетістіктері айтылып, үздік ұйымдарға қаржылай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Қазыбек КАМАЛ